Лицензия туралы хабарлама

Copyright (C) 2007 Free Software Foundation, Inc. <http://fsf.org/> Барлық тұлғаларға осы лицензиялық құжаттың дәлме-дәл көшірмелерін көшіруге және таратуға рұқсат етіледі, бірақ оны өзгертуге болмайды.

Кіріспе

GNU Жалпы қоғамдық лицензиясы — бағдарламалық жасақтама мен өзге де туындыларға арналған, тарату еркіндігін сақтау талабына негізделген (копилефт) еркін лицензия.

Бағдарламалар мен өзге де практикалық туындылардың көпшілігіне арналған лицензиялар сол туындыларды бөлісу және өзгерту еркіндігіңізді шектеу үшін жасалған. Ал GNU Жалпы қоғамдық лицензиясы бағдарламаның барлық нұсқаларын бөлісу және өзгерту еркіндігіңізге кепілдік беруге, оның барлық пайдаланушылар үшін еркін бағдарлама болып қалуын қамтамасыз етуге арналған. Біз, Free Software Foundation, бағдарламаларымыздың көпшілігіне GNU Жалпы қоғамдық лицензиясын қолданамыз; оны авторлары осы шарттармен шығарған кез келген өзге туындыға да қолдануға болады. Сіз де оны өз бағдарламаларыңызға қолдана аласыз.

Еркін бағдарламалық жасақтама туралы айтқанда, біз бағаны емес, еркіндікті меңзейміз. Біздің Жалпы қоғамдық лицензияларымыз сіздің еркін бағдарламалардың көшірмелерін таратуға (қаласаңыз, ол үшін ақы алуға), бастапқы кодты алуға немесе қажет болғанда оған қол жеткізуге, бағдарламаларды өзгертуге немесе олардың бөліктерін жаңа еркін бағдарламаларда пайдалануға еркіндігіңіз бар екенін және осы құқықтарыңызды білетініңізді қамтамасыз етуге арналған.

Құқықтарыңызды қорғау үшін біз басқа тұлғалардың сізді осы құқықтардан айыруына немесе олардан бас тартуды талап етуіне жол бермеуіміз керек. Сондықтан бағдарламаның көшірмелерін таратсаңыз немесе оны өзгертсеңіз, сізге белгілі бір міндеттер — басқа адамдардың еркіндігін құрметтеу міндеттері жүктеледі.

Мысалы, осындай бағдарламаның көшірмелерін тегін не ақылы түрде таратсаңыз, алушыларға өзіңіз алған еркіндіктерді беруіңіз керек. Олардың да бастапқы кодты алуын немесе ала алуын қамтамасыз етуіңіз керек. Сонымен қатар өз құқықтарын білуі үшін оларға осы шарттарды көрсетуіңіз керек.

GNU GPL қолданатын әзірлеушілер құқықтарыңызды екі қадаммен қорғайды: (1) бағдарламаға авторлық құқықтарын мәлімдейді және (2) оны көшіруге, таратуға және/немесе өзгертуге заңды рұқсат беретін осы Лицензияны ұсынады.

Әзірлеушілер мен авторларды қорғау үшін GPL осы еркін бағдарламаларға кепілдік берілмейтінін анық түсіндіреді. Пайдаланушылардың да, авторлардың да мүддесі үшін GPL өзгертілген нұсқалардың өзгертілгені белгіленуін талап етеді; бұл олардың кемшіліктерін алдыңғы нұсқалардың авторларына қате телуге жол бермейді.

Кейбір құрылғылар өндіруші орындай алса да, пайдаланушылар олардың ішіндегі бағдарламалардың өзгертілген нұсқаларын орната немесе іске қоса алмайтындай етіп жасалған. Бұл пайдаланушылардың бағдарламаны өзгерту еркіндігін қорғау мақсатына түбегейлі қайшы келеді. Мұндай теріс пайдалану жүйелі түрде жеке адамдар пайдаланатын өнімдер саласында кездеседі, ал дәл сол салада оған жол беруге болмайды. Сондықтан GPL лицензиясының осы нұсқасы мұндай өнімдер үшін аталған тәжірибеге тыйым салатындай жасалды. Егер осындай мәселелер басқа салаларда да елеулі сипат алса, пайдаланушылардың еркіндігін қорғау үшін қажет болған жағдайда GPL лицензиясының болашақ нұсқаларында осы ережені сол салаларға кеңейтуге дайынбыз.

Ақырында, әрбір бағдарламаға бағдарламалық патенттер үнемі қауіп төндіреді. Мемлекеттер жалпы мақсаттағы компьютерлерде бағдарламаларды әзірлеу мен пайдалануды патенттер арқылы шектеуге жол бермеуі тиіс. Бірақ мұндай шектеулерге жол берілетін елдерде біз ерекше қауіптен — еркін бағдарламаға қолданылатын патенттердің оны іс жүзінде еркін емес бағдарламаға айналдыруынан — сақтануды қалаймыз. Мұны болдырмау үшін GPL патенттерді бағдарламаның еркіндігін жою мақсатында пайдалануға болмайтынына кепілдік береді.

Төменде көшірудің, таратудың және өзгертудің нақты шарттары берілген.

ЛИЦЕНЗИЯ ШАРТТАРЫ

0. Анықтамалар.

«Осы Лицензия» дегеніміз — GNU Жалпы қоғамдық лицензиясының 3-нұсқасы.

«Авторлық құқық» ұғымына жартылай өткізгіш бұйымдардың топологиялары сияқты өзге туындыларға қолданылатын, авторлық құқыққа ұқсас құқықтық нормалар да кіреді.

«Бағдарлама» дегеніміз — осы Лицензия бойынша лицензияланған, авторлық құқықпен қорғалуы мүмкін кез келген туынды. Әрбір лицензиат «сіз» деп аталады. «Лицензиаттар» мен «алушылар» жеке тұлғалар немесе ұйымдар болуы мүмкін.

Туындыны «өзгерту» дегеніміз — дәл көшірме жасаудан басқа, авторлық құқық иесінің рұқсатын талап ететін тәсілмен туындыны толығымен не ішінара көшіру немесе бейімдеу. Нәтижесінде алынған туынды бұрынғы туындының «өзгертілген нұсқасы» немесе бұрынғы туындыға «негізделген» туынды деп аталады.

«Қамтылатын туынды» дегеніміз — өзгертілмеген Бағдарлама немесе Бағдарламаға негізделген туынды.

Туындыны «тарату» дегеніміз — оны компьютерде орындаудан немесе жеке көшірмесін өзгертуден басқа, рұқсатсыз жасалған жағдайда қолданылатын авторлық құқық заңнамасын бұзғаны үшін тікелей не жанама жауапкершілікке әкелетін кез келген әрекетті жасау. Таратуға көшіру, даналарды үлестіру (өзгерістермен немесе өзгеріссіз), жұртшылыққа қолжетімді ету, ал кейбір елдерде өзге әрекеттер де кіреді.

Туындыны «беру» дегеніміз — басқа тұлғаларға көшірмелер жасауға немесе алуға мүмкіндік беретін кез келген тарату тәсілі. Көшірме берілмей, пайдаланушымен компьютерлік желі арқылы жай ғана әрекеттесу беру болып саналмайды.

Интерактивті пайдаланушы интерфейсі ыңғайлы және анық көрінетін элементті қамтыса, ол «Тиісті құқықтық хабарламаларды» көрсетеді деп есептеледі. Бұл элемент (1) авторлық құқық туралы тиісті хабарламаны көрсетеді және (2) пайдаланушыға туындыға кепілдік берілмейтінін (нақты берілген кепілдіктерді қоспағанда), лицензиаттардың туындыны осы Лицензия бойынша бере алатынын және осы Лицензияның көшірмесін қалай қарауға болатынын хабарлайды. Егер интерфейсте мәзір сияқты пайдаланушы пәрмендерінің немесе параметрлерінің тізімі болса, сол тізімдегі анық көрінетін тармақ осы талапқа сай келеді.

1. Бастапқы код.

Туындының «бастапқы коды» дегеніміз — оған өзгеріс енгізу үшін қолайлы деп таңдалатын нысаны. «Объектілік код» дегеніміз — туындының бастапқы кодтан өзге кез келген нысаны.

«Стандартты интерфейс» дегеніміз — танылған стандарттау ұйымы белгілеген ресми стандарт болып табылатын интерфейс немесе белгілі бір бағдарламалау тіліне арналған интерфейс болса, сол тілде жұмыс істейтін әзірлеушілер арасында кеңінен қолданылатын интерфейс.

Орындалатын туындының «Жүйелік кітапханаларына» тұтас туындыдан басқа, (a) Негізгі құрамдастың әдеттегі жеткізілім жиынтығына кіретін, бірақ сол Негізгі құрамдастың бөлігі болып табылмайтын және (b) тек туындыны сол Негізгі құрамдаспен бірге пайдалануға мүмкіндік беру үшін немесе іске асырылуы бастапқы код түрінде жұртшылыққа қолжетімді Стандартты интерфейсті іске асыру үшін қызмет ететін нәрселер кіреді. Бұл жерде «Негізгі құрамдас» дегеніміз — орындалатын туынды жұмыс істейтін нақты операциялық жүйенің (бар болса) аса маңызды негізгі құрамдасы (ядро, терезелік жүйе және т.б.), туындыны жасау үшін пайдаланылған компилятор немесе оны орындауға пайдаланылатын объектілік код интерпретаторы.

Объектілік код түріндегі туындының «Сәйкес бастапқы коды» дегеніміз — объектілік кодты жасауға, орнатуға және (орындалатын туынды үшін) орындауға, сондай-ақ туындыны өзгертуге қажетті барлық бастапқы код, соның ішінде осы әрекеттерді басқаратын сценарийлер. Алайда оған туындының Жүйелік кітапханалары, осы әрекеттер үшін өзгеріссіз пайдаланылатын және туындының бөлігі болып табылмайтын жалпы мақсаттағы құралдар немесе жалпыға қолжетімді еркін бағдарламалар кірмейді. Мысалы, Сәйкес бастапқы кодқа туындының бастапқы файлдарымен байланысты интерфейстерді анықтау файлдары, сондай-ақ туынды міндетті түрде пайдаланатындай арнайы жасалған ортақ кітапханалар мен динамикалық байланыстырылатын ішкі бағдарламалардың бастапқы коды кіреді; мұндай тәуелділік осы ішкі бағдарламалар мен туындының басқа бөліктері арасындағы тығыз дерек алмасу немесе басқару ағыны арқылы туындауы мүмкін.

Сәйкес бастапқы кодқа пайдаланушылар оның басқа бөліктерінен автоматты түрде қайта жасай алатын нәрселерді енгізу міндетті емес.

Бастапқы код түріндегі туындының Сәйкес бастапқы коды — сол туындының өзі.

2. Негізгі рұқсаттар.

Осы Лицензия бойынша берілетін барлық құқықтар Бағдарламаға авторлық құқықтың қолданылу мерзіміне беріледі және көрсетілген шарттар орындалса, кері қайтарылмайды. Осы Лицензия өзгертілмеген Бағдарламаны шектеусіз орындау құқығыңызды тікелей растайды. Қамтылатын туындыны орындаудың нәтижесі өзінің мазмұны бойынша Қамтылатын туынды болып табылған жағдайда ғана осы Лицензияға бағынады. Осы Лицензия авторлық құқық заңнамасында көзделген адал пайдалану құқықтарыңызды немесе соған тең өзге құқықтарды мойындайды.

Лицензияңыз өзге жағынан күшінде тұрған кезде, басқа тұлғаларға бермейтін Қамтылатын туындыларды қосымша шарттарсыз жасауға, орындауға және таратуға болады. Қамтылатын туындыларды басқа тұлғаларға тек сіз үшін ғана өзгерту немесе оларды орындауға қажетті құралдарды сізге ұсыну мақсатында бере аласыз; бұл ретте авторлық құқықтарын өзіңіз бақыламайтын барлық материалды беру кезінде осы Лицензияның шарттарын сақтауыңыз керек. Осындай туындыларды сіз үшін жасайтын немесе орындайтын тұлғалар тек сіздің атыңыздан, сіздің басшылығыңызбен және бақылауыңызбен әрекет етуі тиіс; олардың сізбен қарым-қатынасынан тыс жерде сізге тиесілі авторлық құқықпен қорғалатын материалдардың кез келген көшірмесін жасауына тыйым салатын шарттар қолданылуы тиіс.

Өзге жағдайларда беруге тек төменде көрсетілген шарттар бойынша рұқсат етіледі. Сублицензиялауға болмайды; 10-бөлім оны қажетсіз етеді.

3. Пайдаланушылардың заңды құқықтарын техникалық шараларды айналып өтуге тыйым салатын заңдардан қорғау.

Ешбір Қамтылатын туынды 1996 жылғы 20 желтоқсанда қабылданған ДЗМҰ-ның Авторлық құқық туралы шартының 11-бабы бойынша міндеттемелерді орындайтын кез келген қолданылатын заңға немесе осындай шараларды айналып өтуге тыйым салатын не шектейтін ұқсас заңдарға сәйкес тиімді техникалық шараның бөлігі болып есептелмеуі тиіс.

Қамтылатын туындыны берген кезде, мұндай айналып өту сол туындыға қатысты осы Лицензия берген құқықтарды жүзеге асыру нәтижесінде жасалатын шамада, техникалық шараларды айналып өтуге тыйым салуға қатысты кез келген заңды өкілеттігіңізден бас тартасыз. Сондай-ақ техникалық шараларды айналып өтуге тыйым салу жөніндегі өзіңіздің немесе үшінші тұлғалардың заңды құқықтарын туынды пайдаланушыларына қарсы мәжбүрлеп іске асыру құралы ретінде туындыны орындауды не өзгертуді шектеу ниетіңіз жоқ екенін мәлімдейсіз.

4. Дәл көшірмелерді беру.

Бағдарламаның бастапқы кодының дәл көшірмелерін өзіңіз алған күйінде кез келген тасымалдағышта бере аласыз, егер әрбір көшірмеде авторлық құқық туралы тиісті хабарламаны анық әрі лайықты түрде жарияласаңыз; осы Лицензияның және 7-бөлімге сәйкес қосылған кез келген шектеуші шарттардың кодқа қолданылатыны туралы барлық хабарламаларды өзгеріссіз сақтасаңыз; кепілдіктің жоқтығы туралы барлық хабарламаларды өзгеріссіз сақтасаңыз; және барлық алушыларға Бағдарламамен бірге осы Лицензияның көшірмесін берсеңіз.

Берілетін әрбір көшірме үшін кез келген баға белгілей аласыз немесе оны тегін бере аласыз, сондай-ақ қолдау немесе кепілдік қызметін ақылы түрде ұсына аласыз.

5. Бастапқы кодтың өзгертілген нұсқаларын беру.

Бағдарламаға негізделген туындыны немесе оны Бағдарламадан жасауға қажетті өзгерістерді бастапқы код түрінде 4-бөлімнің шарттарымен бере аласыз, егер төмендегі барлық қосымша талаптарды да орындасаңыз:

a) Туындыда оны өзгерткеніңіз және тиісті күні көрсетілген анық хабарламалар болуы тиіс.

b) Туындыда оның осы Лицензия және 7-бөлімге сәйкес қосылған кез келген шарттар бойынша шығарылғаны туралы анық хабарламалар болуы тиіс. Бұл талап 4-бөлімдегі «барлық хабарламаларды өзгеріссіз сақтау» талабын өзгертеді.

c) Көшірмені иеленген әрбір тұлғаға бүкіл туындыны біртұтас күйінде осы Лицензия бойынша лицензиялауыңыз керек. Демек, осы Лицензия 7-бөлімнің кез келген қолданылатын қосымша шарттарымен бірге бүкіл туындыға және оның барлық бөліктеріне олардың қалай жинақталғанына қарамастан қолданылады. Осы Лицензия туындыны өзге тәсілмен лицензиялауға рұқсат бермейді, бірақ мұндай рұқсатты бөлек алған болсаңыз, оны жарамсыз етпейді.

d) Егер туындының интерактивті пайдаланушы интерфейстері болса, олардың әрқайсысы Тиісті құқықтық хабарламаларды көрсетуі тиіс. Алайда Бағдарламада мұндай хабарламаларды көрсетпейтін интерактивті интерфейстер болса, сіздің туындыңыз оларға бұл хабарламаларды көрсетуді қосуға міндетті емес.

Қамтылатын туындының және табиғаты бойынша оның кеңейтімдері болып табылмайтын әрі онымен бірігіп үлкенірек бағдарлама құрмайтын өзге дербес және тәуелсіз туындылардың сақтау немесе тарату тасымалдағышындағы жиынтығы «жинақ» деп аталады, егер жиынтықтың өзі мен оған туындайтын авторлық құқықтар пайдаланушылардың қолжетімділігін немесе заңды құқықтарын жеке туындылар рұқсат еткен шектен артық шектеуге пайдаланылмаса. Қамтылатын туындының жинаққа енгізілуі осы Лицензияны жинақтың басқа бөліктеріне қолдануға әкелмейді.

6. Бастапқы кодтан өзге нысандарда беру.

Қамтылатын туындыны объектілік код түрінде 4 және 5-бөлімдердің шарттарымен бере аласыз, егер машина оқи алатын Сәйкес бастапқы кодты да осы Лицензияның шарттарымен төмендегі тәсілдердің бірі арқылы берсеңіз:

a) Объектілік кодты материалдық өнімнің құрамында немесе оған енгізілген күйде (физикалық тарату тасымалдағышын қоса алғанда), бағдарламалармен алмасуға әдетте пайдаланылатын ұзақ сақталатын физикалық тасымалдағышқа жазылған Сәйкес бастапқы кодпен бірге беріңіз.

b) Объектілік кодты материалдық өнімнің құрамында немесе оған енгізілген күйде (физикалық тарату тасымалдағышын қоса алғанда), кемінде үш жыл және осы өнім үлгісі үшін қосалқы бөлшектер не тұтынушыларға қолдау ұсынатын бүкіл кезең бойы жарамды жазбаша ұсыныспен бірге беріңіз. Бұл ұсыныс объектілік кодты иеленген кез келген тұлғаға не (1) өнімдегі осы Лицензия қамтитын барлық бағдарламалардың Сәйкес бастапқы кодының көшірмесін бағдарламалармен алмасуға әдетте пайдаланылатын ұзақ сақталатын физикалық тасымалдағышта, бастапқы кодты физикалық түрде беруге жұмсалатын негізді шығындарыңыздан аспайтын бағамен, не (2) Сәйкес бастапқы кодты желілік серверден тегін көшіруге қолжетімділікті беруге тиіс.

c) Объектілік кодтың жекелеген көшірмелерін Сәйкес бастапқы кодты ұсыну жөніндегі жазбаша ұсыныстың көшірмесімен бірге беріңіз. Бұл тәсілге тек ара-тұра, коммерциялық емес жағдайларда және объектілік кодты 6b тармағына сәйкес осындай ұсыныспен алған болсаңыз ғана рұқсат етіледі.

d) Объектілік кодты белгіленген орыннан қолжетімді ету арқылы (тегін немесе ақылы) беріңіз және сол орыннан дәл сол тәсілмен Сәйкес бастапқы кодқа тең дәрежелі қолжетімділікті қосымша ақысыз ұсыныңыз. Алушылардан объектілік кодпен бірге Сәйкес бастапқы кодты да көшіруді талап етуге міндетті емессіз. Егер объектілік код көшірілетін орын желілік сервер болса, Сәйкес бастапқы код тең дәрежелі көшіру мүмкіндіктерін ұсынатын басқа серверде (өзіңіз немесе үшінші тұлға басқаратын) орналасуы мүмкін; бұл үшін объектілік кодтың жанында Сәйкес бастапқы кодты қайдан табуға болатынын анық көрсетуіңіз керек. Сәйкес бастапқы код қай серверде орналасқанына қарамастан, осы талаптарды орындау үшін қажетті бүкіл мерзім бойы оның қолжетімді болуын қамтамасыз ету міндетіңіз сақталады.

e) Объектілік кодты тең дәрежелі тораптар арасындағы беру арқылы таратыңыз; бұл ретте басқа қатысушыларға туындының объектілік коды мен Сәйкес бастапқы коды 6d тармағына сәйкес жалпы жұртшылыққа тегін қайда ұсынылатынын хабарлаңыз.

Бастапқы коды Жүйелік кітапхана ретінде Сәйкес бастапқы кодтан шығарылған объектілік кодтың бөлінетін бөлігін объектілік код түріндегі туындыны бергенде қоспауға болады.

«Пайдаланушы өнімі» дегеніміз — не (1) «тұтыну өнімі», яғни әдетте жеке, отбасылық немесе тұрмыстық мақсаттарда пайдаланылатын кез келген материалдық жылжымалы мүлік, не (2) тұрғын үйге енгізуге арналған немесе сол мақсатта сатылатын кез келген нәрсе. Өнімнің тұтыну өнімі болып табылатынын анықтау кезінде күмәнді жағдайлар оны осы санатқа жатқызу пайдасына шешілуі тиіс. Белгілі бір пайдаланушы алған нақты өнімге қатысты «әдетте пайдаланылатын» деген сөздер пайдаланушының мәртебесіне немесе өнімді іс жүзінде қалай пайдаланатынына, пайдалануды қалай жоспарлайтынына не қалай пайдалануы күтілетініне қарамастан, осы санаттағы өнімнің қалыпты немесе кең таралған қолданылуын білдіреді. Өнімнің елеулі коммерциялық, өндірістік немесе тұтынушылық емес қолданыстары болса да, ол тұтыну өнімі болып қала береді; тек мұндай қолданыстар өнімді пайдаланудың бірден-бір елеулі тәсілі болған жағдайда ғана бұл ереже қолданылмайды.

Пайдаланушы өніміне арналған «Орнату ақпараты» дегеніміз — өзгертілген Сәйкес бастапқы кодтан алынған Қамтылатын туындының өзгертілген нұсқаларын сол өнімге орнату және онда орындау үшін қажетті кез келген әдістер, рәсімдер, авторизация кілттері немесе өзге мәліметтер. Бұл ақпарат өзгертілген объектілік кодтың әрі қарай жұмыс істеуіне тек өзгеріс енгізілгені үшін ешбір жағдайда тыйым салынбауын және кедергі жасалмауын қамтамасыз етуге жеткілікті болуы тиіс.

Егер сіз осы бөлім бойынша объектілік код түріндегі туындыны Пайдаланушы өнімінің ішінде, онымен бірге немесе арнайы сол өнімде пайдалану үшін берсеңіз және беру өнімді иелену әрі пайдалану құқығы алушыға мерзімсіз немесе белгілі бір мерзімге өтетін мәміленің бөлігі болса (мәміленің қалай аталғанына қарамастан), осы бөлім бойынша берілетін Сәйкес бастапқы код Орнату ақпаратымен бірге берілуі тиіс. Бірақ өзгертілген объектілік кодты Пайдаланушы өніміне орнату мүмкіндігі сізде де, ешбір үшінші тұлғада да сақталмаса (мысалы, туынды тұрақты жадқа орнатылған болса), бұл талап қолданылмайды.

Орнату ақпаратын беру талабы алушы өзгерткен немесе орнатқан туындыға, не ол өзгертілген немесе орнатылған Пайдаланушы өніміне қолдау көрсетуді, кепілдік беруді немесе жаңартулар ұсынуды жалғастыру міндетін қамтымайды. Егер өзгерістің өзі желінің жұмысына елеулі теріс әсер етсе немесе желідегі байланыс ережелері мен хаттамаларын бұзса, желіге кіруге тыйым салынуы мүмкін.

Осы бөлімге сәйкес берілетін Сәйкес бастапқы код пен Орнату ақпараты жұртшылыққа ашық құжатталған пішімде болуы тиіс (оның бастапқы код түріндегі іске асырылуы да жалпыға қолжетімді болуы керек) және оларды қаптамадан шығару, оқу немесе көшіру үшін арнайы құпиясөз не кілт талап етілмеуі тиіс.

7. Қосымша шарттар.

«Қосымша рұқсаттар» дегеніміз — осы Лицензияның бір немесе бірнеше талабына ерекшелік енгізу арқылы оны толықтыратын шарттар. Бүкіл Бағдарламаға қолданылатын қосымша рұқсаттар қолданылатын заңнама бойынша жарамды болатын шамада осы Лицензияға енгізілгендей қарастырылуы тиіс. Егер қосымша рұқсаттар Бағдарламаның тек бір бөлігіне қатысты болса, сол бөлікті осы рұқсаттар бойынша бөлек пайдалануға болады, бірақ Бағдарлама тұтастай қосымша рұқсаттар ескерілмей осы Лицензияға бағына береді.

Қамтылатын туындының көшірмесін бергенде, өз таңдауыңыз бойынша сол көшірмеден немесе оның кез келген бөлігінен кез келген қосымша рұқсаттарды алып тастай аласыз. (Қосымша рұқсаттар туындыны өзгерткен кезде белгілі бір жағдайларда өздерін алып тастауды талап ететіндей жазылуы мүмкін.) Қамтылатын туындыға өзіңіз қосқан материалға қатысты тиісті авторлық құқық рұқсатыңыз болса немесе сондай рұқсат беруге құқылы болсаңыз, оған қосымша рұқсаттар бере аласыз.

Осы Лицензияның өзге ережелеріне қарамастан, Қамтылатын туындыға қосатын материалыңыз үшін (сол материалдың авторлық құқық иелері уәкілеттік берген болса) осы Лицензияны мынадай шарттармен толықтыра аласыз:

a) Осы Лицензияның 15 және 16-бөлімдерінен өзгеше түрде кепілдіктен бас тарту немесе жауапкершілікті шектеу; немесе

b) Сол материалда не оны қамтитын туындылар көрсететін Тиісті құқықтық хабарламаларда көрсетілген негізді құқықтық хабарламаларды немесе авторлықты көрсету мәліметтерін сақтауды талап ету; немесе

c) Материалдың шығу тегі туралы мәліметтерді бұрмалауға тыйым салу немесе сол материалдың өзгертілген нұсқаларын бастапқы нұсқадан өзгеше екенін негізді тәсілмен белгілеуді талап ету; немесе

d) Материал лицензиарларының немесе авторларының есімдерін жарнамалық мақсаттарда пайдалануды шектеу; немесе

e) Кейбір фирмалық атауларды, тауар белгілерін немесе қызмет көрсету белгілерін пайдалануға тауар белгілері туралы заңнама бойынша құқықтар беруден бас тарту; немесе

f) Материалды (немесе оның өзгертілген нұсқаларын) алушы алдындағы шарттық жауапкершілікті қабылдап беретін кез келген тұлғадан осы шарттық міндеттемелер материалдың лицензиарлары мен авторларына тікелей жүктейтін кез келген жауапкершіліктен туындайтын шығындарды сол лицензиарлар мен авторларға өтеуді талап ету.

Барлық өзге шектеуші қосымша шарттар 10-бөлімнің мағынасында «әрі қарайғы шектеулер» болып саналады. Егер сіз алған Бағдарламада немесе оның кез келген бөлігінде осы Лицензиямен қатар әрі қарайғы шектеу болып табылатын шарт қолданылатыны туралы хабарлама болса, сол шартты алып тастай аласыз. Егер лицензиялық құжат әрі қарайғы шектеуді қамтыса, бірақ осы Лицензия бойынша қайта лицензиялауға немесе беруге рұқсат етсе, сол құжаттың шарттарына бағынатын материалды Қамтылатын туындыға қоса аласыз; бұл үшін әрі қарайғы шектеу қайта лицензиялаудан немесе беруден кейін сақталмауы тиіс.

Осы бөлімге сәйкес Қамтылатын туындыға шарттар қоссаңыз, тиісті бастапқы файлдарға оларға қолданылатын қосымша шарттардың мәтінін немесе сол шарттарды қайдан табуға болатыны туралы хабарламаны орналастыруыңыз керек.

Қосымша шарттар, рұқсат беретін не шектейтін болсын, бөлек жазбаша лицензия түрінде немесе ерекшеліктер ретінде көрсетілуі мүмкін; жоғарыдағы талаптар екі жағдайда да қолданылады.

8. Қолданылуын тоқтату.

Қамтылатын туындыны осы Лицензияда тікелей көзделгеннен өзге тәсілмен таратуға немесе өзгертуге болмайды. Оны басқаша таратуға немесе өзгертуге кез келген әрекет жарамсыз және осы Лицензия бойынша құқықтарыңызды (11-бөлімнің үшінші абзацы бойынша берілген кез келген патенттік лицензияларды қоса алғанда) автоматты түрде тоқтатады.

Алайда осы Лицензияны бұзудың барлық жағдайларын тоқтатсаңыз, нақты авторлық құқық иесінен алған лицензияңыз (a) құқық иесі оны анық әрі түпкілікті тоқтатқанға дейін уақытша және (b) құқық иесі бұзушылық тоқтатылғаннан кейін 60 күн өткенге дейін сізге қандай да бір негізді тәсілмен бұзушылық туралы хабарламаса, түпкілікті қалпына келеді.

Бұдан бөлек, нақты авторлық құқық иесі сізге бұзушылық туралы қандай да бір негізді тәсілмен хабарласа, бұл сол құқық иесінен осы Лицензияның бұзылғаны туралы (кез келген туындыға қатысты) алғаш рет алған хабарламаңыз болса және хабарламаны алғаннан кейін 30 күн өткенге дейін бұзушылықты жойсаңыз, сол құқық иесінен алған лицензияңыз түпкілікті қалпына келеді.

Осы бөлім бойынша құқықтарыңыздың тоқтатылуы сізден осы Лицензия бойынша көшірмелер немесе құқықтар алған тұлғалардың лицензияларын тоқтатпайды. Құқықтарыңыз тоқтатылып, түпкілікті қалпына келмесе, 10-бөлім бойынша сол материалға жаңа лицензиялар алуға құқығыңыз жоқ.

9. Көшірмелерді иелену үшін Лицензияны қабылдау талап етілмейді.

Бағдарламаның көшірмесін алу немесе орындау үшін осы Лицензияны қабылдауға міндетті емессіз. Көшірмені алу үшін тең дәрежелі тораптар арасындағы беруді пайдаланудың тікелей салдары ретінде ғана туындайтын Қамтылатын туындының ілеспе таратылуы да қабылдауды талап етпейді. Алайда осы Лицензиядан басқа ешнәрсе Қамтылатын туындыны таратуға немесе өзгертуге рұқсат бермейді. Осы Лицензияны қабылдамасаңыз, мұндай әрекеттер авторлық құқықты бұзады. Сондықтан Қамтылатын туындыны өзгерту немесе тарату арқылы сол әрекеттер үшін осы Лицензияны қабылдағаныңызды білдіресіз.

10. Кейінгі алушыларды автоматты лицензиялау.

Қамтылатын туындыны берген сайын, алушы бастапқы лицензиарлардан осы Лицензияның шарттары бойынша оны орындауға, өзгертуге және таратуға лицензияны автоматты түрде алады. Үшінші тұлғалардың осы Лицензияны сақтауын қамтамасыз етуге сіз жауапты емессіз.

«Ұйымға қатысты мәміле» дегеніміз — ұйымды бақылауды немесе оның іс жүзінде барлық активтерін беру, ұйымды бөлу немесе ұйымдарды біріктіру мәмілесі. Егер Қамтылатын туындыны тарату осындай мәміленің нәтижесінде орын алса, туындының көшірмесін алатын мәміленің әрбір тарабы өз құқықтық ізашары алдыңғы абзац бойынша иеленген немесе бере алатын барлық лицензияларды, сондай-ақ ізашарында Сәйкес бастапқы код бар болса немесе оны негізді күш-жігермен ала алса, сол кодты одан алу құқығын алады.

Осы Лицензия берген немесе растаған құқықтарды жүзеге асыруға әрі қарайғы шектеулер қоюға болмайды. Мысалы, осы құқықтарды жүзеге асыру үшін лицензиялық ақы, роялти немесе өзге төлем талап етуге болмайды; сондай-ақ Бағдарламаны немесе оның кез келген бөлігін жасау, пайдалану, сату, сатуға ұсыну не импорттау қандай да бір патенттік талапты бұзады деген негізбен сот ісін (оның ішінде өзара немесе қарсы талапты) қозғауға болмайды.

11. Патенттер.

«Үлес қосушы» дегеніміз — Бағдарламаны немесе ол негізделген туындыны осы Лицензия бойынша пайдалануға рұқсат беретін авторлық құқық иесі. Осындай жолмен лицензияланған туынды сол тұлғаның «үлес қосушы нұсқасы» деп аталады.

Үлес қосушының «елеулі патенттік талаптары» дегеніміз — оған тиесілі немесе оның бақылауындағы, бұрын алынған не кейін алынатын барлық патенттік талаптар; олар оның нұсқасын осы Лицензия рұқсат еткен қандай да бір тәсілмен жасау, пайдалану немесе сату кезінде бұзылар еді. Бірақ үлес қосушы нұсқасын әрі қарай өзгерту салдарынан ғана бұзылатын талаптар бұған кірмейді. Осы анықтама мақсатында «бақылау» ұғымына осы Лицензия талаптарына сай тәсілмен патенттік сублицензиялар беру құқығы да кіреді.

Әрбір үлес қосушы сізге өзінің елеулі патенттік талаптары бойынша өз нұсқасының мазмұнын жасауға, пайдалануға, сатуға, сатуға ұсынуға, импорттауға, сондай-ақ өзге жолмен орындауға, өзгертуге және таратуға айрықша емес, бүкіл әлемде қолданылатын, роялтисіз патенттік лицензия береді.

Келесі үш абзацта «патенттік лицензия» дегеніміз — атауына қарамастан, патентті мәжбүрлеп қорғауды талап етпеу туралы кез келген анық келісім немесе міндеттеме (мысалы, патенттелген шешімді пайдалануға тікелей рұқсат не патент бұзушылығы үшін сотқа талап бермеу міндеттемесі). Тұлғаға осындай лицензияны «беру» дегеніміз — сол тұлғаға қарсы патентті қолданбау туралы осындай келісім жасау немесе міндеттеме қабылдау.

Егер Қамтылатын туындыны патенттік лицензияға біле тұра сүйеніп берсеңіз және туындының Сәйкес бастапқы коды осы Лицензияның шарттарымен жалпыға қолжетімді желілік сервер немесе өзге оңай қолжетімді құрал арқылы кез келген адамға тегін көшіруге қолжетімді болмаса, онда не (1) Сәйкес бастапқы кодтың осындай қолжетімділігін қамтамасыз етуіңіз, не (2) осы нақты туындыға қатысты патенттік лицензияның артықшылығынан өзіңізді айыруыңыз, не (3) осы Лицензияның талаптарына сай тәсілмен патенттік лицензияны кейінгі алушыларға таратуыңыз керек. «Біле тұра сүйену» дегеніміз — патенттік лицензия болмағанда, Қамтылатын туындыны белгілі бір елде беруіңіз немесе алушының оны сол елде пайдалануы сол елде жарамды деп санауға негізіңіз бар бір немесе бірнеше анықталатын патентті бұзатынын нақты білуіңіз.

Егер бір мәміле немесе келісім бойынша не соған байланысты Қамтылатын туындыны берсеңіз немесе оның берілуін ұйымдастыру арқылы таратсаңыз және кейбір алушыларға сол туындының белгілі бір көшірмесін пайдалануға, таратуға, өзгертуге немесе беруге рұқсат ететін патенттік лицензия берсеңіз, сіз берген патенттік лицензия Қамтылатын туындының және оған негізделген туындылардың барлық алушыларына автоматты түрде таралады.

Патенттік лицензия осы Лицензия тікелей берген бір немесе бірнеше құқықты қамтымаса, оларды жүзеге асыруға тыйым салса немесе оларды жүзеге асырмауды шарт етсе, ол «кемсітуші» болып табылады. Бағдарламаларды таратумен айналысатын үшінші тұлғамен келісімге қатыссаңыз, сол келісім бойынша оған туындыны беру қызметіңіздің көлеміне қарай ақы төлесеңіз және ол сізден Қамтылатын туындыны алатын тұлғалардың кез келгеніне (a) сіз берген туынды көшірмелеріне (немесе сол көшірмелерден жасалған көшірмелерге) қатысты не (b) негізінен Қамтылатын туындыны қамтитын нақты өнімдер немесе жинақтар үшін және соларға байланысты кемсітуші патенттік лицензия берсе, Қамтылатын туындыны беруге болмайды. Бірақ келісім 2007 жылғы 28 наурызға дейін жасалған немесе патенттік лицензия сол күнге дейін берілген болса, бұл тыйым қолданылмайды.

Осы Лицензиядағы ешнәрсе қолданылатын патенттік заңнама бойынша сізге қолжетімді болуы мүмкін кез келген тұспалданатын лицензияны немесе патент бұзушылығы туралы айыптаулардан қорғанудың өзге тәсілдерін жоққа шығаратын не шектейтін етіп түсіндірілмеуі тиіс.

12. Басқалардың еркіндігінен бас тартуға жол берілмейді.

Егер сізге (сот шешімімен, келісіммен немесе басқа жолмен) осы Лицензияның шарттарына қайшы келетін шарттар жүктелсе, олар сізді осы Лицензияны сақтаудан босатпайды. Қамтылатын туындыны осы Лицензия бойынша және басқа қолданылатын міндеттемелеріңізді бір мезгілде орындай отырып бере алмасаңыз, оны мүлде бере алмайсыз. Мысалы, Бағдарламаны беретін алушылардан оның кейінгі берілуі үшін роялти жинауды міндеттейтін шарттарға келіссеңіз, сол шарттар мен осы Лицензияны қатар орындаудың жалғыз жолы — Бағдарламаны беруден толығымен бас тарту.

13. GNU Affero Жалпы қоғамдық лицензиясымен бірге пайдалану.

Осы Лицензияның өзге ережелеріне қарамастан, кез келген Қамтылатын туындыны GNU Affero Жалпы қоғамдық лицензиясының 3-нұсқасы бойынша лицензияланған туындымен байланыстырып немесе біріктіріп біртұтас туынды жасауға және нәтижесін беруге рұқсат етіледі. Осы Лицензияның шарттары Қамтылатын туынды болып табылатын бөлікке қолданыла береді, ал GNU Affero Жалпы қоғамдық лицензиясының 13-бөліміндегі желі арқылы әрекеттесуге қатысты арнайы талаптар біріктірілген туындының тұтасына қолданылады.

14. Осы Лицензияның қайта қаралған нұсқалары.

Free Software Foundation уақыт өте келе GNU Жалпы қоғамдық лицензиясының қайта қаралған және/немесе жаңа нұсқаларын жариялауы мүмкін. Мұндай нұсқалар осы нұсқаның рухын сақтайды, бірақ жаңа мәселелерді шешу үшін жекелеген ережелері өзгеше болуы мүмкін.

Әр нұсқаға оны ажырататын нөмір беріледі. Егер Бағдарламаға GNU Жалпы қоғамдық лицензиясының белгілі бір нөмірлі нұсқасы «немесе кез келген кейінгі нұсқасы» қолданылатыны көрсетілсе, сіз сол нұсқаның немесе Free Software Foundation жариялаған кез келген кейінгі нұсқаның шарттарын таңдауға құқылысыз. Егер Бағдарлама GNU Жалпы қоғамдық лицензиясының нұсқа нөмірін көрсетпесе, Free Software Foundation бұрын-соңды жариялаған кез келген нұсқаны таңдай аласыз.

Егер Бағдарлама GNU Жалпы қоғамдық лицензиясының болашақта қандай нұсқаларын пайдалануға болатынын уәкілетті тұлға шеше алатынын көрсетсе, сол тұлғаның белгілі бір нұсқаны қабылдағаны туралы жария мәлімдемесі сізге Бағдарлама үшін сол нұсқаны таңдауға тұрақты рұқсат береді.

Лицензияның кейінгі нұсқалары қосымша немесе өзгеше рұқсаттар беруі мүмкін. Алайда кейінгі нұсқаны таңдауыңыз ешбір авторға немесе авторлық құқық иесіне қосымша міндеттемелер жүктемейді.

15. Кепілдіктен бас тарту.

ҚОЛДАНЫЛАТЫН ЗАҢНАМА РҰҚСАТ ЕТЕТІН ШЕКТЕ БАҒДАРЛАМАҒА КЕПІЛДІК БЕРІЛМЕЙДІ. ЖАЗБАША ТҮРДЕ ӨЗГЕШЕ КӨРСЕТІЛМЕСЕ, АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ИЕЛЕРІ ЖӘНЕ/НЕМЕСЕ БАСҚА ТҰЛҒАЛАР БАҒДАРЛАМАНЫ «БАР КҮЙІНДЕ», ЕШҚАНДАЙ ТІКЕЛЕЙ НЕМЕСЕ ТҰСПАЛДАНАТЫН КЕПІЛДІКСІЗ, СОНЫҢ ІШІНДЕ ТАУАРЛЫҚ ЖАРАМДЫЛЫҚ ПЕН БЕЛГІЛІ БІР МАҚСАТҚА ЖАРАМДЫЛЫҚТЫҢ ТҰСПАЛДАНАТЫН КЕПІЛДІКТЕРІНСІЗ, БІРАҚ ТЕК СОЛАРМЕН ШЕКТЕЛМЕЙ ҰСЫНАДЫ. БАҒДАРЛАМАНЫҢ САПАСЫ МЕН ЖҰМЫСҚА ҚАБІЛЕТТІЛІГІНЕ ҚАТЫСТЫ БАРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДІ СІЗ КӨТЕРЕСІЗ. БАҒДАРЛАМАДА АҚАУ БОЛСА, ҚАЖЕТТІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ, ЖӨНДЕУ НЕМЕСЕ ТҮЗЕТУ ШЫҒЫНДАРЫНЫҢ БАРЛЫҒЫН ӨЗ МОЙНЫҢЫЗҒА АЛАСЫЗ.

16. Жауапкершілікті шектеу.

ҚОЛДАНЫЛАТЫН ЗАҢНАМА ТАЛАП ЕТПЕСЕ НЕМЕСЕ ЖАЗБАША КЕЛІСІМ БОЛМАСА, ЕШБІР АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ИЕСІ НЕМЕСЕ БАҒДАРЛАМАНЫ ЖОҒАРЫДА РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН ТӘСІЛМЕН ӨЗГЕРТЕТІН ЖӘНЕ/НЕМЕСЕ БЕРЕТІН БАСҚА ТҰЛҒА ЕШҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА БАҒДАРЛАМАНЫ ПАЙДАЛАНУДАН НЕМЕСЕ ПАЙДАЛАНА АЛМАУДАН ТУЫНДАЙТЫН ЗАЛАЛДАР, СОНЫҢ ІШІНДЕ ЖАЛПЫ, АРНАЙЫ, КЕЗДЕЙСОҚ НЕМЕСЕ ЖАНАМА ЗАЛАЛДАР ҮШІН СІЗДІҢ АЛДЫҢЫЗДА ЖАУАП БЕРМЕЙДІ. БҰҒАН ДЕРЕКТЕРДІҢ ЖОҒАЛУЫ НЕМЕСЕ БҰРМАЛАНУЫ, СІЗГЕ НЕМЕСЕ ҮШІНШІ ТҰЛҒАЛАРҒА КЕЛТІРІЛГЕН ШЫҒЫНДАР, БАҒДАРЛАМАНЫҢ БАСҚА БАҒДАРЛАМАЛАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙ АЛМАУЫ КІРЕДІ, БІРАҚ ЗАЛАЛДАР ОСЫЛАРМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ. БҰЛ ЕРЕЖЕ ҚҰҚЫҚ ИЕСІНЕ НЕМЕСЕ БАСҚА ТҰЛҒАҒА ОСЫНДАЙ ЗАЛАЛДАРДЫҢ МҮМКІНДІГІ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТІЛГЕН БОЛСА ДА ҚОЛДАНЫЛАДЫ.

17. 15 және 16-бөлімдерді түсіндіру.

Егер жоғарыда келтірілген кепілдіктен бас тарту мен жауапкершілікті шектеу өз шарттарына сәйкес жергілікті құқық бойынша заңды күшке ие бола алмаса, істі қарайтын соттар Бағдарламаға байланысты кез келген азаматтық жауапкершіліктен толық бас тартуға барынша жақын жергілікті құқық нормаларын қолдануға тиіс; тек Бағдарламаның көшірмесі ақыға кепілдікпен немесе жауапкершілікті қабылдаумен бірге берілген жағдайлар бұған жатпайды.

ЛИЦЕНЗИЯ ШАРТТАРЫНЫҢ СОҢЫ

Осы шарттарды жаңа бағдарламаларыңызға қалай қолдануға болады

Жаңа бағдарлама әзірлеп, оның қоғамға мүмкіндігінше көп пайда әкелуін қаласаңыз, оған жетудің ең жақсы жолы — оны кез келген адам осы шарттар бойынша қайта таратып, өзгерте алатын еркін бағдарлама ету.

Ол үшін бағдарламаға төмендегі хабарламаларды қосыңыз. Кепілдіктің жоқтығын барынша тиімді көрсету үшін оларды әр бастапқы файлдың басына орналастырған дұрыс; әр файлда кемінде авторлық құқық туралы жол және толық хабарламаны қайдан табуға болатыны көрсетілуі тиіс.

Sprutio
Copyright (C) 2015  Sergey Goppikov
Бұл бағдарлама — еркін бағдарламалық жасақтама: оны Free Software Foundation
жариялаған GNU Жалпы қоғамдық лицензиясының 3-нұсқасы немесе
(өз таңдауыңыз бойынша) кез келген кейінгі нұсқасының шарттарымен
қайта тарата және/немесе өзгерте аласыз.
Бұл бағдарлама пайдалы болады деген үмітпен таратылады,
бірақ ЕШҚАНДАЙ КЕПІЛДІКСІЗ, тіпті ТАУАРЛЫҚ ЖАРАМДЫЛЫҚ немесе
БЕЛГІЛІ БІР МАҚСАТҚА ЖАРАМДЫЛЫҚ туралы тұспалданатын кепілдіксіз беріледі.
Толығырақ GNU Жалпы қоғамдық лицензиясын қараңыз.
Осы бағдарламамен бірге GNU Жалпы қоғамдық лицензиясының көшірмесін
алуыңыз керек еді. Алмаған болсаңыз, <http://www.gnu.org/licenses/> қараңыз.

Сонымен қатар өзіңізбен электрондық және кәдімгі пошта арқылы қалай байланысуға болатынын көрсетіңіз.

Егер бағдарлама пайдаланушымен терминал арқылы әрекеттессе, интерактивті режимде іске қосылғанда төмендегідей қысқа хабарлама шығаратындай етіңіз:

sprutio  Copyright (C) 2015  Sergey Goppikov
Бұл бағдарлама ЕШҚАНДАЙ КЕПІЛДІКСІЗ беріледі; толығырақ: `show w'.
Бұл — еркін бағдарлама, оны белгілі бір шарттармен
қайта тарата аласыз; толығырақ: `show c'.

Шартты `show w' және `show c' пәрмендері Жалпы қоғамдық лицензияның тиісті бөліктерін көрсетуі тиіс. Әрине, бағдарламаңыздың пәрмендері өзгеше болуы мүмкін; графикалық интерфейсте бұл үшін «Бағдарлама туралы» терезесі қолданылады.

Қажет болса, жұмыс берушіңізден (бағдарламашы болып жұмыс істесеңіз) немесе оқу орныңыздан (бар болса) бағдарламаға қатысты «авторлық құқықтан бас тарту» құжатына қол қоюын сұрауыңыз керек. Бұл туралы, сондай-ақ GNU GPL қолдану және оның талаптарын сақтау туралы қосымша мәліметті <http://www.gnu.org/licenses/> бетінен қараңыз.

GNU Жалпы қоғамдық лицензиясы бағдарламаңызды еркін емес бағдарламаларға қосуға рұқсат бермейді. Егер бағдарламаңыз ішкі бағдарламалар кітапханасы болса, еркін емес қолданбаларды сол кітапханамен байланыстыруға рұқсат беруді пайдалырақ деп санауыңыз мүмкін. Мақсатыңыз осы болса, осы Лицензияның орнына GNU Шектеулі жалпы қоғамдық лицензиясын қолданыңыз. Бірақ алдымен <http://www.gnu.org/philosophy/why-not-lgpl.html> бетін оқыңыз.